Сахна тақырыпқа сай безендірілген. Әдемі әуен орындалып, ортаға жүргізушілер шығады.
1-жүргізуші: Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған,
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған,
– деп төрелігін өзі шешкен Абай бүгін жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен бірге 175 жыл бойы өмір сүріп келеді, мәңгі өмір сүре бермек!
Ол өткен заманның, кешегі түркі дүниесінің соққан тынысы болса да бізге түсінікті, жүрегімізге қонымды Абай – лебі, Абай – үні, ана тынысы – заман тынысы, халық үні. Абайдың жарқын бейнесі, жалынды жыры бізбен бірге мәңгі жасап келеді.
2-жүргізуші: Армысыздар, құрметті қонақтар, бүгін біз Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырып отырған «Зере әженің ізімен» атты Әжелер мен немерелер сайысына қош келдіңіздер!
1-жүргізуші: Абай бүкіл қазаққа имани-мәдени, адамгершілік-эстетикалық, жалпы рухани тұрғыда бағыт-бағдар беріп, тура жол көрсетсе, Зере әже қазақ ұлтының маңдайына біткен дана ойшылы Абайды тәрбиелеген.
2-жүргізуші: Даналық биігіне көтерілген ұлы тұлғаның бар тек пен тамырының астарында осы бесіктен дарып, ақ жаулыққа түйілген ананың
әппақ ары мен терең тағылымы жатыр емес пе?
Олай болса, Зере әженің ізімен жүрген әжелерімізге арналған би шашуымызды қабыл алыңыздар!
Би: Қазақ ұлттық биі
1-жүргізуші: Бүгінгі «Зере әженің ізімен» атты Әжелер мен немерелер додасына түсетін әжелерімізді немересімен қол соғып ортаға шақырамыз.
Әуен орындалып сахна төріне сайыскер Әжелер мен немерелер шығады.
Асықтар арқылы реттік сандарын таңдау.
2-жүргізуші: Әділдікпен бұл сайысты байқайтын,
Туралықтан ешқашан да қашпайтын
Өнерді әділдікпен бағалайтын,
Таныстырайын әділ қазы алқаларын.
Сайысқа төрелік ететін әділ қазылар алқасымен таныстырып өтейік.
1.________________________________________________________________
2 ________________________________________________________________
3_________________________________________________________________
1-жүргізуші: Сайысымыз бес кезеңнен тұрады.
- «Шаңырағым - шаттығым» (Таныстыру)
- «Әжем айтқан ертегі»
- «Зерделінің ойы озық.» (тыйым сөздер мен мақал-мәтелдер арқылы шешу)
- «Әжемнің сандығы» (қолөнер)
- «Өнерлі өрге жүзер» (өз өнерін көрсету)
2-жүргізуші: Қазағымның салт-дәстүрі жаңғырған,
Тәлімді ой санағы,тәрбие көзі қалдырған.
Салт-дәстүрді ардақтайық ағайын,
«Қазақ» атты үлкен-кіші балдырған,
-деп сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
1-кезең. «Шаңырағым - шаттығым»
1 жүргізуші: - Өнер қуып әжелер өтер дейміз.
Бір басына өнері жетер дейміз.
Сайысқа келген әжелер кезектесіп,
Таныстырып өздерін өтсе дейміз.
Реттік номерлері арқылы сайыскерлер өздерін таныстырып өтеді.
2– кезең «Әжем айтқан ертегі» (Тәрбиелік көрініс)
2-жүргізуші: «Бұлдыр - бұлдыр күн өткен, бұрынғыдан кім өткен?» деп Зере әжеміз Абай атамызға ертегіні осындай сөздермен бастаған екен. Ал әжелер сіздер өз немерелеріңізге ертегі айтып бересіздер ме?
1 жүргізуші:
Бала деген бал екен.
Бал дегенің бала екен.
Немеренің бойында
Бар жақсылық бар екен. – деп «Әжем айтқан ертегі» сайысын бастаймыз.
3-кезең «Зерделінің ойы озық.» (тыйым сөздер, мақал-мәтелдер,
жұмбақ шешу)
2-жүргізуші: Зере – ұлт әжесінің жиынтық бейнесі. Ол – ұлт анасының символы. Салт-дәстүр мен тәлім-тәрбиенің қайнар көзі. Кемеңгер Абай ақынның даналығының бастауы ғана емес, ұлтымыздың рухани төлқұжатына айналған айшықты тұлға.
1 жүргізуші: Құрметті әжелер 3 кезеңімізді бастайық. Бірінші балаларға жұмбақ жасырылады, жұмбақтың шешуі бойынша сіздер тыйым сөздер немесе мақал- мәтел айта отырып тәрбиелік мағынасын түсіндіресіздер.
- Үсті тас, асты тас
Ортасында піскен ас (нан)
- .Талдың басында
Жемі бар қасында.
Там тұр саялы,
Достарға аялы (құстың ұясы)
- Дәмді – дәмді тағамдарды жинайды
Қонақтарды көңілдене сыйлайды.
- .Бес жерінен буынған,
Еңбек десе жұмылған (Сыпырғыш)
- Жүрген жерiн жалмайды,
Тастан басқа қалмайды. (От)
- Шиге жайып кептірген,
Өзі қышқыл, түсі ақ ,
Сорсаң дәмді, түсі ақ ,
Жаңғақтай-ақ домалақ. (құрт)
- Көтеріп орман, тоғай, тастың бәрін
Жапанда шөгіп жатыр үлкен нарым. (Тау)
- Қабатқабат қаттама
Ақылың болса аттама (Кітап)
4-кезең «Әжемнің сандығы» (қолөнер)
1 жүргізуші:
Көп жасаған қария.
Ақылы теңіз дария.
Қолдарымен өнерді
Текемет,киіз,құрақ көрпе жасаған — деп кезекті қолөнер сайысына берейік.
(Ортаға сандықшаларды шығарып, әр әжеге бір – бір сандықша беріледі. Әр сандықшаның ішіндн әртүрлі заттар болады, сол заттарды қолдану арқылы бір бұйым немесе ою жасап шығарады.)
Ән: «Әжемнің шәйі»
5-кезең «Өнерлі өрге жүзер» (өз өнерін көрсету)
2-жүргізуші:
Даусың қандай сырлы еді
Табиғатты тыңдатқан
Көркің қандай нұрлы еді?
Таң шолпанмен астасқан
Өнеріңді кәне бүгін көрсетші
Мына жұртқа қошеметпен қол соққан.
Қортынды:
1 жүргізуші:
Зере – ұлт анасының, ұлт әжесінің жиынтық бейнесі.
Зере – дәстүр мен тәлім-тәрбиенің шамшырағы.
Зере – ұлтымыздың рухани төлқұжатына айналған Абайдың әжесі. Дана ақынның даналығының бастауы.
Біріншіден, әрине, Зередей қыз баласын дүниеге әкеліп, ел анасы деңгейіне көтерген туған халқымызға рахмет!
2-жүргізуші: Осымен біздің «Зере әженің ізімен» атты байқауымыздың кезеңдері бітті. Шын жүйрік сыналатын кезең келді,
Көрдіңдер тамашалап сайысты енді.
Әділқазы ойы терең, ақылы кең,
Саралап, әділ баға берсін енді,
-дей келе сөз кезегін әділқазылар алқасына береміз!
.
Ән: «Сағындым әже өзіңді»
МАРАПАТТАУ
Қазылар алқасы сайыскерлерді келесі номинациялар бойынша марапаттайды.
- «Шешен әже мен тапқыр немере»
- «Іскер әже мен шебер немере»
- «Өнерлі әже мен қабілетті немере»
- «Өнегелі әже мен парасатты немере»
- «Дана әже мен алғыр немере»
- «Мейірлі әже мен зерделі немере»
1 жүргізуші: «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» демекші әжелер ақ батасын берсін.
Бата
Жас ұрпақ өнерлі болсын.
Тұрмысы көңілді болсын.
Ата-анаға мейірлі болсын.
Ағайын-туысқанға пейілді болсын.
Өнер-білімге зейінді болсын.
Халқым деген жүрегі болсын.
Жаманшылық көрмесін.
2-жүргізуші:
Қайырымды қасиетті
Ең ардақты ақ әжелер
Әрбір сөзі өсиетті
Баға жетпес, бал әжелер
Аман – есен жүріңіздер – дей отырып бүгінгі кешімізді аяқтаймыз.
1 жүргізуші: Зере әжеміздің ізімен жүрген әжелеріміз жасай берсін.
2-жүргізуші: Көріскенше күн жақсы!
Мектеп жасына дейінгі балалардың және олардың әжелерінің қатысуымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Зере әженің ізімен» республикалық байқауының аудан көлеміндегі байқауы өтті.
Байқау ұлы Абайдың әжесі Зере бейнесі арқылы ұрпақ тәрбиесіндегі әжелердің рөлін арттыру арқылы балалардың бойындағы дарындылықты, шығармашылық қабілеттерді және ұлттық құндылықтарды дамыту мақсатында ұйымдастырылып өтті. Байқауда балабақшамыздың ортаңғы, ересек, мектепалды даярлық топтарының бүлдіршіндері әжелерімен додаға түсті.
Зере – ұлт әжесінің жиынтық бейнесі. Ол – ұлт анасының символы. Салт-дәстүр мен тәлім-тәрбиенің қайнар көзі. Кемеңгер Абай ақынның даналығының бастауы ғана емес, ұлтымыздың рухани төлқұжатына айналған айшықты тұлға.
Байқау барысында әжелер немерелерімен бірігіп шешендік, ән-би өнерін, тапқырлықтарын көрсете отырып балаларды салт-дәстүр негізінде қол өнерге баулыды. Байқауға қатысқан әжелер мен немерелері әртүрлі номинациялармен марапатталды.
- «Шешен әже мен тапқыр немере»
- «Іскер әже мен шебер немере»
- «Өнерлі әже мен қабілетті немере»
- «Өнегелі әже мен парасатты немере»
- «Дана әже мен алғыр немере»
- «Мейірлі әже мен зерделі немере»
Зере – ұлт анасының, ұлт әжесінің жиынтық бейнесі. Зере – дәстүр мен тәлім-тәрбиенің шамшырағы.
Зере әжеміздің ізімен жүрген әжелеріміз жасай берсін.
